Түркістан - әлемдік туризм орталығы


ГАУХАР АНА КЕСЕНЕСІ

Гауhар ана кесенесі - - (ХІІ-ХІV ғғ.) Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан – Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан.
Гауһар ана – ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің қызы. Гауһар ана жайлы аңыз-әңгімелерге сүйенсек, ол емшілік қасиеті ерекше жан болған деседі. Әлі күнге дейін ана кесенесінің маңында емдік қасиеттері бар артезиан суы шығатын құдықтар көптеп кездеседі.

Деректерде анамыздың ақылы көркіне сай ерекше жан болғандығы айтылады. Гауһар ананың қашан қайтыс болғаны жөнінде мәлімет жоқ, тек 11221124 жылдары туып, шамамен 1187-97 жылдары дүниеден озған деген жорамал бар.

«Әзірет Сұлтан» кесенесінде ұзақ жылдар мұражай директоры болған О.Дастанов ақсақалдың ел аузынан естіген аңызы бойынша, Гауһар ана қайтыс боларында «Мені інім Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» деп өсиет етіпті. Аңызға сенсек, Ибраһимді Сүйір деген халық өздері қазған арықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген, яғни бұл Сүйір арығының жағасы болуы керек. Нақақтан-нақақ жаны қиылған бауырының қаны төгілген жерде Гауһар ананың мазары жатыр.

Қожа Ахмет Ясауи мен Гауһар ана кесенесі арасында жерасты жолы бар деген аңыздар да бар. Гауһар анамыз әкесі жерасты қылуетіне түскен кезде өмірден өтеді. Ясауи бабамыз қызының мазарына қылуеттен күн шуағына шықпай барып тұру үшін жерасты жолын салған деседі. Бірақ тарихи деректерде жерасты жолы туралы мағлұмат көп кездеспейді. Осы кесенеде қарауыл болып істеген қарияның басынан өткен оқиғасы Гауһар ананың емшілік қасиетінің мол екенін дәлелдей түседі.
Келушілерді қабылдап, ана рухына құран бағыштап отырған ақсақал зиярат етушілерге өз басынан өткен оқиғаны былай әңгімелеп берген. Ертеректе еңбекпен түзету колониясындағы мектепте директор болып жұмыс істеген ақсақал кейін қатты ауруға шалдығады. Бауыр ісігінен зардап шеккен оның науқасы жанына батыпты. Әрине, бұл кеселдің емі болмай талай адам өмірден өткені белгілі. Алайда, көрер жарығы бар екен, пенденің пешенесіне жазылмаған бұл науқастан айығу осы кісіге бұйырған.

Науқасы жанына батып жүрген бір күндері түнде ұйықтап жатқанда түсінде аян беріледі. Оянғаннан кейін «Салу керек» деген сөз есінен шықпай қояды. Нені салу керек?! Өзі де білмейді. Сөйтіп жүргенде Гауһар ана зиратының басын мал таптап жатқандығын көреді. Маған берілген аян осы шығар деп баласының үйін сатып, сол қаржымен зираттың айналасын қоршап, басына шағын мазар тұрғызыпты. Бұл әрекетін Алла қабыл қылса керек, ақсақал ауруынан құлан-таза айығып кетеді.

Содан бастап Нұрғали есімді қария осы кесене басына келушілерді қабылдап, шама-шарқынша оларға қолғабысын тигізеді, қарауылдық қызмет жасайды.

Аңыз-әңгімелерде ГауҺар ананың баласы болмағанын айтады. Әкесі «Еміңнен жазылған адамдардың бәрі – сенің балаларың» деп қызын жұбатқан деседі.