Түркістан - әлемдік туризм орталығы


Саттар Асқарұлы Ерубаев

Саттар Асқарұлы Ерубаев (1914, Түркістан ауданы - 02.06.1937, Алматы) - қазақ жазушысы. - Ауыл балалары сияқты молданың солқылдаған көк шыбығына көнбестен Саттар Түркістандағы бастауыш мектепке қашып кетеді. Мұны бітіргеннен соң жетіжылдық орыс мектебінде оқып, оны үздік аяқтап шығады.[1] Қоңырат руынан шыққан.[2]
Оның қалыптасуына әкесі Асқардың, анасы Бапаның үлкен әсері болған.
1930-шы жылы Саттардың белсенді комсомол мүшесі және зейінді жас екені ескеріліп, жоғары оқу орындарына даярланатын Алматыдағы дайындық курсына жіберіледі. Сол жылы ол Қазақстан оқу Комиссариатының арнайы жолдамасымен Ленинград тарих, философия және лингвистика институтына түседі.
Институтты Саттар 1933 жылы үздік бағамен бітіріп шықты. Ол дипломдық жұмысын өте жақсы қорғайды және және осы еңбегі үшін бәйге алады. Сөйтіп, бұл жұмыс баспасөз бетінде жариялансын деген қаулы шығарылады. Ұстаздарының ұсыныстары бойынша Ерубаев аспирантураға қалдырылған екен. Бірақ Қазақстан өлкелік комсомол комитеті арнайы жеделхат жолдап, Ерубаевты шұғыл түрде Қазақстанға шақыртады. Осыған байланысты Саттар, оқуын қалдырып, елге оралады.
Алматыда Саттар 1933-1934 жылдары "Ленинская смена" газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, "Лениншіл жас" газеті редакторы; 1934 жылы бірер ай музыка театрының директоры; 1933-1934 жылдары Жоғары ауыл шаруашылық мектебінде философия кафедрасының ұстазы қызметтер атқарды.
1934-1935 жылдары қалалық «Қарағанды пролетариаты» (қазіргі облысы «Орталық Қазақстан», газеті) редакторының орынбасары.
1935 жылдың жазында Ерубаев Ленинград университетінің аспирантурасына түседі. Бірақ мендеп кеткен өкпе ауруы оған бар болғаны бір-ақ жыл оқуға мүмкіндік береді. Осыдан соң Саттар Алматыға қайтуға мәжбүр болады. Мұнда ол 1936-1937 жылдары Қазақстан педагогикалық институтына қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясынан лекциялар окиды.
Бірақ бойын әбден мендеп алған ауыр дерт Саттарды 1937 жылдың екінші маусымында Алматы қаласындағы Түрксіб ауруханасында көз жұмғызды. Онда ол бар болғаны 24 жаста еді.[3]